ОРДАБАСЫДА ӨНЕР МЕКТЕБІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

0

Түркістан облысы Ордабасы ауданының орталығы — Темірлан ауылында жаңа музыкалық бағыттағы Өнер мектебі ресми түрде ашылды. Бұл — өңірдің мәдени инфрақұрылымын жаңғырту жолындағы маңызды қадам ғана емес, мемлекетке қайтарылған активтердің халық игілігіне тиімді жұмсалуының жарқын дәлелі. Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының орынбасары Ғабит Садырбеков пен Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов қатысып, жергілікті тұрғындарды, ұстаздар қауымын және оқушыларды қуаныштарымен құттықтады.

Салтанатты шарада Зұлпыхар Жолдасов Темірландағы жаңа мәдени нысанның өңір өміріндегі рөліне тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары Түркістан облысында әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, ауылдарды дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Жаңа өнер мектебінің салынуы — осы бағыттағы нақты нәтижелердің бірі. Ол өз сөзінде «Өңірімізде әлеуметтік нысандар ашылып, ауылдың инфрақұрылымы жақсара түсуде. Солардың бірін бүгін ашып отырмыз. Бұл жаңа өнер мектебі ауданның рухани дамуына, жастардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға үлкен серпін беретіні анық. Нысан құрылысы мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылды. 870 миллион теңгеден астам қаржы халық игілігіне бағытталды. Бұл — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қайтарылған әрбір актив ел игілігіне жұмсалуы керек» деген ұстанымының нақты орындалуы» деп атап өтті. Жоба 2025 жылдың сәуір айында басталып, желтоқсанын айында толық аяқталды. Қысқа мерзім ішінде тұрғызылған жаңа ғимарат музыка мен өнерге қызығушылық танытатын балалар үшін тың мүмкіндіктер есігін ашып отыр. 300 орындық Өнер мектебі шығармашылықпен айналысуға қажетті барлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Мұнда ұлттық аспаптар, гитара, фортепиано және топтық жаттығуларға арналған бөлмелер, кәсіби музыкалық аспаптар қоры, 150 орындық мәдени іс-шаралар залы бар.

Ғимараттың екінші қабатында заманауи дыбыс жазу студиясы, хор кабинеті, халық аспаптарына арналған үлкен бөлме, репетиция кеңістіктері және сахнаға қажетті жабдықтар қоймасы орналасқан. Мұндай жабдықталу — ауыл балалары үшін бұрын-соңды болмаған мүмкіндік. Бұл жерде балалар тек музыкалық білім алып қана қоймай, концерттерге қатысып, өз шығармаларын студиялық сапада жазуға жол ашады. Жаңа мектеп ескі ғимараттың орнына салынды. Бұрын 1974 жылы бой көтерген, санитарлық талаптарға сай келмейтін апатты жағдайдағы ғимаратта 400-ден астам бала білім алған. Бұл — мекеменің жобалық қуатынан бірнеше есе жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар 45 мұғалім тар, суық, ескірген кабинеттерде жұмыс істеуге мәжбүр болған. Жаңа нысан бұл мәселені толығымен шешіп, ұстаздар мен оқушылар үшін жайлы, кең әрі қауіпсіз орта қалыптастырды. Темірландағы жаңа музыка мектебі — тек білім беру орталығы ғана емес, ауылдың бүкіл мәдени өмірін жаңғыртып, жаңа деңгейге көтеретін жоба. Енді ауыл жастары музыка мен хореографияны заманауи студияларда меңгеріп, шығармашылық қабілеттерін еркін дамыта алады. Мұндай инфрақұрылым жас таланттардың өркендеуіне, кәсіби сахнаға жол ашуына тікелей ықпал ететіні сөзсіз.

Қазақстанда соңғы жылдары заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен бұл қаражат еліміздегі маңызды әлеуметтік нысандарды салуға, мектептер мен медициналық мекемелерді жаңғыртуға, инфрақұрылымды жақсартуға бағытталуда. Түркістан облысында осы қор арқылы 30-ға жуық нысан мен жоба қаржыландырылып жатыр. Олардың қатарында елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту, медицина нысандарын күрделі жөндеуден өткізу, жаңа әлеуметтік объектілерді салу сияқты маңызды бастамалар бар. Темірлан ауылындағы Өнер мектебі — қайтарылған активтердің ел игілігіне нақты қызмет етіп жатқанын көрсететін үлгілі мысал. Бұл жоба ауыл балаларының болашаққа деген сенімін арттырып қана қоймай, өңірдің мәдени-рухани әлеуетін жаңа деңгейге көтереді. Осындай нысандар — мемлекеттің әділдікке бағытталған саясатының жемісі және қоғам дамуының маңызды кепілі.


ПІКІР ЖАЗУ