ӘЛЕУМЕТТІК-МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ ЖАЛҒАСАДЫ

0

Дана халқымыз «Қарты бар елдің – қазынасы бар» деп қарияларға айрықша құрмет көрсеткен. Бұл қағида қазір де сақталып отыр. Бүгінде мемлекет тарапынан қарияларды қолдайтын, олардың саулығын тексеріп, белсенді өмір сүру салтына үйрететін орталықтар жұмыс істейді. Мұнда бос уақытты тиімді өткізумен қатар, денсаулықты нығайту шаралары да жүргізіледі. Осының арқасында қарттардың көңіл-күйі көтеріңкі, қимылы ширақ болады. Мұндай қызмет көрсететін орталық Түркістан қаласында да бар.

Осы орайда, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Тұрсынбайұлы Абдиевпен бірге Түркістан қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев пен мәслихат депутаты Жамила Төреханқызы, Түркістан облыстық мәслихат депутаттары Арыстанов Сүлеймен және Инара Абдиғаппарқызы тарихи қаладағы «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығына» арнайы барды. Онда халық қалаулылары мекеме жұмысымен жақыннан танысты. 2021 жылы негізі қаланған орталық мүмкіндігі шектеулі және зейнет жасына жеткен азаматтарға арнаулы әлеуметтік және медициналық көмектер көрсетеді. Онда зейнет жасындағы азаматтарға қоғаммен белсенді араласу және денсаулықтарын жақсартумен қатар, қартаю динамикасын төмендету мақсатында кешенді сауықтыру, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Мекемедегі «Белсенді ұзақ өмір сүру» бөлімшесі, «TEN QOGAM» бөлімшесі жеке тәсілді еңгізу және қызмет бенефициарлармен кері байланысты қамтамасыз ете отырып, әлеуметтік-тұрмыстық ортаға бейімделуіне бағытталған мүгедектігі бар адамдардың лайықты еңбекке, жұмыспен қамтуға кешенді қызмет көрсетеді. Ал «Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу көмек» бөлімшесі өмірлік қиын жағдайға тап болған немесе тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандарға қол ұшын береді.

Қазіргі уақытта мекеме он екі түрлі бағыт бойынша қызмет көрсетіп отыр. Оның ішінде еңбек терапиясы, әнмен емдеу терапиясы, психотренинг сабақтары, адам омыртқасына шығыс медицина бойынша емдік дене шынықтыру тәсілдерін үйрететін «Айкуне» гимнастикасы, адамның өз психикасын және дененің физиологиялық процестерін бақылау жаттығуларынан тұратын «Йога», жүрек-тамыр жүйесін нығайтуға ықпал ететін скандинавиялық таяқтармен серуендеу, терапиялық жаттығулар, массаж, менталды арифметика, әлеуметтік демалыс сынды бағыттар бар. Яғни мекемеде қариялар саулығын нығайтумен бірге шахмат, бильярд сынды ойын түрлерін ойнап, табиғат аясына серуенге шыға алады. Осы орайда, көрсетілер қызметтердің жай-жапсарына қанық болған халық қалаулылары қариялармен жүздесіп, сүбелі сұхбат құрды. Сонымен бірге мекеме қызметін пайдаланушыларды жекелей қабылдап, бұйымтайларына құлақ асты. Азаматтардың бірі мүгедектігі бар азаматтарға тұрғын үй кезегіне тұру бойынша қандай жеңілдіктердің барын сұрады. Енді бірі орталыққа парафин массаж, аяқ массажы, велотренажерлар қажетін айтып, көмек беруін өтінді. Бұл ғана емес, қабылдау барысында емханаларға портал туырлау, 0-18 жастағы мүгедектігі бар балалар мен жасөспірімдерді қолдау бойынша мәселе мен ұсыныстар да айтылды. Өз кезегінде, Мәжіліс пен мәслихат депутаттары әрбір өтінішті жіті қарап, заң аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар ұсыныстар негізінде алдағы уақытта депутаттық сауалдар жолданатынын айтты.

Жиын аяғында депутаттар мекеме қызметіне жоғары баға беріп, жұмыс сапасын болашақта арттыра беру керегін ескертті. Айта кету керек, «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасында ел азаматтарының орташа өмір сүру ұзақтығын жоғарылату мақсаты да көзделген. Біз сөз еткен орталықта көрсетілетін медициналық һәм әлеуметтік қызметтер дәл осы мақсатқа жетуге мұрындық болады десек, артық айтпаған болар едік. Өйткені соңғы жылдары өңірде ғана емес, күллі Қазақстанда дәл осындай әлеуметтік орталықтардың қызметін пайдаланушылар саны артып келе жатыр. Мұның өзі көрсетілер қызметтің жоғары деңгейде екенін аңғартса керек.

 


ПІКІР ЖАЗУ