«БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР» — ТҮРКІСТАН ҚАРТТАРЫНА АРНАЛҒАН ҚАМҚОРЛЫҚ МЕКЕНІ

0

Түркістан қаласында егде жастағы азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында нақты істер атқарылуда. Солардың бірі – «Белсенді ұзақ өмір» орталығы. Бүгінде қалада осындай үш бірдей орталық қарттарға қызмет көрсетіп, ардагерлердің белсенді әрі салауатты өмір сүруіне мүмкіндік беріп отыр.

Алғашқы «Белсенді ұзақ өмір» орталығы үш жыл бұрын Түркістанда ашылған болатын. Зейнеткерлердің сұранысы мен белсенділігінің артуына байланысты бүгінде оның екі филиалы – «Бекзат» және «Отырар» тұрғын алаптарында жұмыс істеп тұр. Бұл орталықтар Түркістан қаласы бойынша 16 мыңнан астам зейнеткерге есігін айқара ашып, оларға күнделікті өмірде түрлі әлеуметтік және мәдени қолдау көрсетуде. Бұл орталық жай ғана демалыс орны емес, қариялар үшін жаңа өмір кезеңінің басталуы десек артық айтпаспыз. Мұнда би үйрету, қолөнермен айналысу, мәдени-танымдық шараларға қатысу, дене шынықтыру жаттығулары сынды бағыттар кеңінен қамтылған.

Белгілі мәдениет қайраткері, қалалық Әйелдер алқасының төрайымы Ұлжан Мұстафаева орталықтағы әжелерге би өнерін үйретіп, белсенді өмір салтына бейімдеуге атсалысып жүр. Тіпті әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің «Тау ішінде» әніне арнап зейнеткерлердің биін ұйымдастыру – олардың рухани серпілісінің айғағы. Орталықтың басты мақсаты – қарттардың қоғамнан шет қалмауын қамтамасыз ету. Мұнда келушілерге әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-ағартушылық және өзге де қажетті қызметтер тегін көрсетіледі. Қариялар бос уақытын тиімді пайдаланып, түрлі үйірмелер мен мәдени шараларға қатысып, замандастарымен араласа алады. «Белсенді ұзақ өмір» жобасы Түркістандағы қарттардың жайлы тұрмысын қамтамасыз етудің жарқын үлгісіне айналды. Бұл бастама – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі. Қарияларға құрмет – қоғамның мәдени деңгейінің көрсеткіші екенін ескерсек, мұндай орталықтардың қызметі тек әлеуметтік емес, рухани миссияны да атқарып отыр. Қарияның қазына екенін жақсы білетін елде олардың көңілі мен денсаулығы басты назарда. Түркістанда қызмет етіп жатқан «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары – қарттар үшін екінші үйге, ал қоғам үшін даналық пен сабырдың мектебіне айналып келеді.


ПІКІР ЖАЗУ