ШЫМКЕНТ ӘКІМІ ТОПЫРАҚ ЖОЛДАР МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛЕТІНІН АЙТТЫ
Шымкентте көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында айналма және магистральды жолдардың өткізу қабілетін арттыратын бірқатар ірі жобалар іске асырылуда. Осы жылы 232 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жоспарланып, 10 айда 210 шақырым жол пайдалануға берілді. Нәтижесінде, биыл жақсы жолдардың үлесі 71%-ға жетеді.
«Биылдан бастап топырақ жолға заманауи технологияларды қолданып, ресайклинг тәсілімен жол жабыны төселуде. Бұл тәсіл оң нәтижесін беріп отыр. Өзекті мәселені ескеріп, келер жылы жолдарды күтіп ұстауға бөлінген қаржы көлемін едәуір ұлғайттық. Осының есебінен ұзақ жылдан бері келе жатқан топырақ жолдар мәселесі шешімін табады», — деді қала басшысы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Одан бөлек, қаладағы көлік ағымын реттеп, кептелісті азайту мақсатында 150 қиылыстағы бағдаршамдар заманауи интеллектуалды жүйеге қосылады.