19 ЖАСТАҒЫ ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ ГИННЕСТІҢ РЕКОРДТАР КІТАБЫНА ЕНДІ

0

19 жастағы Аружан Амангелдіқызы Қазақстанда тұңғыш рет түйе үстінде жамбы атудан рекорд орнатып, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

2023 жылдың 4 қазанында «Топжарған» этно-мәдени орталығының ұйымдастырылуымен жамбы ату сайысы өтті. Сол жарыста Таңатов Ғабит Бердібайұлының шәкірті Миравилдаева Аружан Амангелдіқызы Қазақстанда тұңғыш рет түйенің үстіне отырып 100 метрді, 12 секундта бағындырып, арақашықтығы 30 метр болатын 3 нысананы көздеп жамбы (садақ) атып, рекорд орнатты.

19 жастағы Аружан Амангелдіқызы Жамбыл облысы Меркі ауданының тумасы. Қазір Қазақ ұлттық педагогикалық қыздар университетінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алып жүр. Спортшы түйе үстінде отырып жамбы ату идеясы қалай келгенін айтты. «Университетте оқып жүргенде маған «Топжарған» этно-өнер орталығының басшысы хабарласып,  атқа мінетін қыздар керек деді. Сонымен қатар аталған орталыққа жұмысқа шақырды. Мен өзімнің сүйікті ісіммен айналысатын болған соң, бірден келістім. Кейін 2023 жылдың жаз айында біз Шымкенттегі Созақ ауданынан екі асау түйе алып келдік. Ол түйелерді үйрету керек болған соң, ауылдан өзімнің атамды шақырттым. Атам олардың мұрындығын салып, оны қалай үйрету керектігін көрсетті. Кейіннен сол орталықтағы шабандоздар болып екі түйені мініп, үйретіп алдық. Есесіне сол уақыт аралығында мен садақ атуды да үйреніп, жамбы атып жүрдім. Ептілігімді байқаған орталық басшысы  Ғабит Таңатов маған түйе мініп, садақ атуды байқап көр деді. Кейін жаттықтырушыма осы ешкім жасамаған трюкті Гиннестің рекордтар кітабына ұсыну туралы ой келді», – деді Аружан Амангелдіқызы.


ПІКІР ЖАЗУ