АБАЙ МҰРАСЫ — ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

Шымкент ерекше рухани әуенге бөленді. Қала саябақтары мен демалыс орындарында Абай әні әуелеп, Абай сазы шалқып, жүректерге терең бойлаған ұлы ақынның жыры жаңғырды.
Соның бірі Абай саябағында өткен «Абай әлемі – отбасы құндылығының темірқазығы» атты қалалық іс-шара – тек поэзия мерекесі ғана емес, ұлттық болмыстың, отбасы берекесінің, рухани сабақтастықтың жарқын көрінісіне айналды. Бір мезетте қаланың 160 мектебінде, 20-ға жуық саябақ пен мәдени орындарда өткен бұл шара – Шымкент жастарының, ата-аналардың, ұстаздардың және зиялы қауымның бір мақсатқа ұйысқанын көрсетті.
1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқушылар Абай өлеңдерін жатқа оқып, оның қара сөздерін тебірене жеткізді. Театрландырылған қойылымдар мен музыкалық композициялар арқылы Абай әлемінің тереңдігін көрерменге сезіндіре алды. Әсіресе, ата-аналар мен балалардың бірігіп орындаған Абай әндерінен құралған хор тыңдарман жүрегін елжіретті.
Шара барысында сөз алған қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек:
«Халықаралық отбасы күніне орай «Абай әлемі – отбасы құндылығының темірқазығы» атауының таңдалуында үлкен мән бар. Өйткені Отан отбасынан басталады. Отбасыдағы береке мен бірлік – ұлттың рухани тірегі», – деді.
Абай мұрасын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау, отбасы институтын нығайту, ұрпақтар арасындағы алтын көпірді сақтау – осы іс-шараның басты мақсаты болды. Әдебиет зерттеушілері мен абайтанушылар – Құлбек Ергөбек, Бектай Қожахмет және қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Бұқарбай Пармановтар пікір айтып, кештің мазмұнын одан әрі тереңдете түсті.
Жиынға қатысқан абайтанушылар Абайдың пайымдауында адамның бойындағы барша ізгіліктің басы отбасынан басталатындығын, ақын отбасында ата-анадан алынатын тәрбиені өте жоғары бағалағандығына тоқталды.
Сонымен бірге өмірге келген әр адамды адалдыққа, парасаттылыққа, адамгершілікке, сұлулыққа апарар жол ананың сүтінен, ата-ананың пәрменді үлгісінен тамыр тартады деген ойдың желісі Абай өлеңдерінде айқын аңғарылатындығына тоқталды.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың қолдауымен ұлы ойшылдың 180 жылдығына арналған тағылымды шаралар Шымкентте жалғасуда.