ГРУЗИЯ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРҒА БІЛІМ ГРАНТЫН БӨЛДІ

ҚР Халықаралық бағдарламалар орталығы Грузияның жоғары оқу орындарына оқуға құжаттар қабылданатынын хабарлады. Өтінім 26 мамырға дейін қабылданады.
− ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Грузияның Білім, ғылым және жастар министрлігі арасында жоғары және ЖОО-дан кейінгі білім мен ғылым саласында ынтымақтастық келісімі аясында Қазақстан азаматтарын 2025-2026 оқу жылына қабылдау мақсатында бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламасы бойынша білім алу мүмкіндігі ашылды, − деп жазды орталық.
Орталықтың хабарлуынша, жалпы саны 5 грант бөлінген – 2 бакалавр, 2 магистратура, 1 докторантура орындары. Мамандықтар тізімі орталық сайтында көрсетілген.
Өтінім мен құжаттарды 2025 жылдың 26 мамырына дейін Электрондық үкімет» порталы (Egov.kz) арқылы немесе «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-да қолма-қол тапсыруға болады.
Үміткерлерді іріктеу үшін тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелері онлайн сұхбат өткізеді, үміткерлердің материалдарын қарайды және қорытынды комиссия шешімі шығады.
Ұпай тең болған жағдайда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, мүгедектігі бар балалар, көп балалы отбасынан шыққан балалар, ауылдық елді мекеннен шыққан, соңғы 2 жылда ауылдық елді мекенде тұратын үміткерлер басымдыққа ие болады.