ӘЛЕУМЕТТІК САЛАҒА АЙРЫҚША КӨҢІЛ БӨЛІНІП ОТЫР

0

Еліміздің тұрақты дамуы мен азаматтардың өмір сапасын арттыруда жұмыспен қамту мәселесі ерекше маңызға ие. Бұл тек әлеуметтік міндет қана емес, әр отбасының әл-ауқатын жақсартуға, тұтас қоғамның тұрақтылығына негіз болатын басты фактор. Осы ретте Түркістан қаласында халықты еңбекпен қамту бағытында нақты әрі нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Осы орайда, жуырда қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының қатысуымен жиын өтіп, салалардағы жұмыс барысы сарапталды.

Қазақстанда 2024–2029 жылдарға арналған «Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы» қабылданған болатын. Бұл құжат ел көлемінде жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, еңбек ресурстарын тиімді пайдалануға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Түркістан қаласы да осы мемлекеттік бағдарлама аясында ауқымды шаралар іске асырып келеді. Биылғы жылдың алғашқы айларында жүзеге асырылған негізгі көрсеткіштер төмендегідей. Қоғамдық жұмыстарға – 881 адам тартылды. Жастар тәжірибесі бағдарламасы бойынша – 127 жас маман еңбекке араласты. Әлеуметтік жұмыс орындары – 15 адам, тұрақты жұмысқа – 1220 азамат орналастырылды. “10 мың тұрғынға – 10 000 жұмыс орны” жобасы аясында 231 жаңа жұмыс орны ашылды.

Жалпы алғанда, 2025 жылға дейін Түркістан қаласында 11 096 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бұл – жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам. Ал Ұлттық жобалар аясында қалада 30 ірі жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар құрылыс, көлік, энергетика, инфрақұрылым, туризм және кәсіпкерлік салаларын қамтиды. Осы жобалардың нәтижесінде кемінде 335 жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Бұл тек жұмыссыз азаматтарға ғана емес, жас мамандарға, кәсібін жаңадан бастаушыларға да зор мүмкіндік болмақ. Түркістан қаласында жұмыспен қамту саласында әлеуметтік тұрғыда осал топтарға ерекше назар аударылып отыр. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы 29 жұмыс орнына квота бөлініп, қазіргі таңда оның 11-і орындалды. Пробация есебінде тұрған тұлғалар үшін де арнайы жұмыс орындары қарастырылып, оларды қоғамға бейімдеу мақсатында нақты шаралар қолға алынуда. Бұл – мемлекеттің адам құқығы мен мүмкіндігін шектеусіз еңбек етуге деген қолдауының айқын көрінісі. Қалалық әкімдік тарапынан тұрғындарды еңбекпен қамту – басты басымдықтардың бірі. Бұл бағытта әкімдікке қарасты барлық бөлімдер мен серіктес ұйымдар бірлесіп, жүйелі түрде жұмыс атқаруда. Жұмыссыздықты төмендету, жаңа жұмыс орындарын құру, халықтың экономикалық белсенділігін арттыру – қала дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі.

 


ПІКІР ЖАЗУ