ЖАСЫЛ ЖЕЛЕКТІ КҮТІП-ҰСТАУ БОЙЫНША ЖАҢА ТӘСІЛ ҚОЛДАНЫСҚА ЕНГІЗІЛДІ

Түркістан қаласында жаз мезгіліндегі аптап ыстыққа қарсы коммуналдық қызметтердің жұмысы жаңа деңгейге көтерілуде. Қала билігі жол төсемелерін қорғап, экологиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатында аэрация әдісін белсенді қолдана бастады. Бұл жаңа технология орталық көшелер мен негізгі магистраль жолдарда кеңінен қолданыс табуда.
Аэрация – жол жамылғысын су тамшылары арқылы суыту әдісі. Бұл тәсіл әсіресе +30°C-тан жоғары температура жиі тіркелетін елдерде тиімді деп танылған. Түркістан қаласы да соңғы жылдары жазғы аптап ыстыққа жиі ұшырайтын өңірлердің қатарында. Сондықтан бұл әдіс қала жағдайына бейімделіп енгізілді. Мамандардың айтуынша, ауа температурасы тым жоғары болғанда асфальт жабындары қызып, құрылымы бұзылып, еріп, тіпті жарамсыз күйге түсуі мүмкін. Бұл өз кезегінде жолдың мерзімінен бұрын тозуына, жиі жөндеу жұмыстарының қажеттілігіне, жол қозғалысы қауіпсіздігінің төмендеуіне себеп болады. Ал аэрация әдісі жолдың бетін суытып, оның сапасын ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік береді. Аэрация тек жол сапасына ғана емес, қаланың экожүйесіне де оң әсерін тигізеді. Су бүрку кезінде пайда болатын ұсақ тамшылар жол бойындағы гүлзарлар мен жасыл белдеулерді ылғалдандырады. Бұл өсімдіктердің ыстық күндері күйіп кетуінен сақтап, қаланың эстетикалық келбетінің сақталуына ықпал етеді.
Қазіргі уақытта Түркістан қаласында бұл әдіс күн сайын екі мезгілде – таңертең және кешкі уақытта жүргізіледі. Бұл кезең – күннің ыстығы әлі күшеймеген немесе бәсеңдеген уақыттар. Жұмыстар арнайы бүріккіш құрылғылармен жабдықталған техникалардың көмегімен атқарылады. Тиімді суару жүйесімен қатар, бұл әдіс шаң-тозаңның таралуын азайтып, қала ауасының сапасын жақсартуға да септігін тигізеді. Қорыта айтсақ, аэрация – Түркістан қаласы үшін инновациялық әрі экологиялық шешім. Бұл әдіс жолдардың сапасын сақтау ғана емес, қаланың жалпы экожүйесін қорғау, коммуналдық шығындарды азайту және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру мақсатында қолданылуда. Заманауи технологияны қолдана отырып, Түркістан өзге өңірлерге үлгі боларлық тағы бір оң тәжірибе қалыптастырып келеді.