ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚТА КТ ЖӘНЕ МРТ КАБИНЕТТЕРІ АШЫЛДЫ

Шымкент қаласындағы онкологиялық орталықта компьютерлік томография және магнитті-резонансты томография кабинеттері ашылды. Заманауи құрылғылар қатерлі ісіктерді ерте анықтауға, нақты диагноз қоюға және нәтижесін бақылауға мүмкіндік береді.
Жаңа кабинеттер заманауи жоғары технологиялық медициналық құрылғылармен жабдықталған. Атап айтқанда, мұнда «Revolution Maxima» 128-срезді компьютерлік томограф (GE Hangwei Medical Systems) және қуаты 1,5 Тл магнитті-резонансты томограф (Philips Medical Systems Nederland) орнатылды.
Мамандардың айтуынша, жаңа технологиялар ісіктің таралу деңгейін дәл анықтап, тиімді ем тактикасын таңдауға көмектеседі.
Енді пациенттер қажеттілікке қарай КТ және МРТ тексерулерінен бір күн ішінде өте алады.
Айта кетейік, бұл жоба жоғары технологиялы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.









