ТАУЛЫ ҚАРАБАҚ АРДАГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

0
Жеңіс саябағында орналасқан Ерлік музейі ұжымының ұйымдастыруымен «Таулы Қарабақтың қаһармандары» атты тағылымды іс-шара өтті. Іс-шараның басты мақсаты – ел қорғаған азаматтардың ерлігін насихаттау және олардың есімдерін жас ұрпақтың жадында сақтау.
Шараға Таулы Қарабақ ардагерлері, Парасат колледжінің студенттері мен оқытушылары қатысты. Кездесу барысында ардагерлер өздерінің өмір жолы мен әскери тәжірибелері туралы баяндап, жастармен тағылымды әңгімелерімен бөлісті.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы «Таулы Қарабақ ардагерлері мен мүгедектерінің республикалық одағы» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Төленбайұлы Аманбаев ұйым тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, қақтығыста қаза тапқан қаруластарды еске алу мақсатында 27 мамыр күні арнайы еске алу күні ретінде белгіленген.
Сондай-ақ, қаза болған қазақстандық жауынгерлер туралы деректерді жинақтау жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, «Книга памяти» дереккөзінен тоғыз ардагердің есімі анықталып, олардың өмірбаяндары жинақталып, арнайы кітапша әзірленуде. Бұл бағыттағы іздестіру жұмыстары әлі де жалғасуда. Сонымен бірге, республика бойынша бірыңғай үлгідегі баннерлер дайындалып, орнатылуда. Шымкент қаласында да аталған баннерлерді 27 мамырға орай орналастыру жоспарланып отыр.
Іс-шара аясында патриоттық әндер шырқалып, студенттер өз өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар, алғашқы әскери дайындық элементтері көрсетіліп, студенттер автоматты бөлшектеу және жинақтау бойынша өз шеберліктерін танытты.
Кездесу соңында Мұрат Аманбаев белсенділік танытқан студенттерді марапаттап, олардың патриоттық көзқарасы мен азаматтық белсенділігін жоғары бағалады.

ПІКІР ЖАЗУ