ЖАҢА ЖОБА БОЙЫНША АҚШАНЫ АЛУ ЕРЕЖЕЛЕРІ БЕКІТІЛДІ

0

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек білім беру ақысын төлеу үшін мақсатты жинақ төлемдерін пайдалану тәртібін бекітті.

Ұлттық қордан төлемдерді білім беру ақысын төлеуге пайдалану үшін уәкілетті оператордың сайтына немесе мобильді қосымшасына тіркелу қажет. Банктер немесе «Қазпошта» білім берудегі уәкілетті операторлар болып отыр.

Төлем алу үшін жеке кабинетте банктік шот нөмірін көрсетіп, электронды өтінішті толтыру қажет. Шот доллармен болуы керек.

Ақшаны мынаған пайдалануға болады: 

  • Қазақстанның білім беру ұйымдарында оқу ақысы бөлігін (әр академиялық кезең немесе оқу жылына) немесе толық көлемін бір рет (бүкіл оқу мерзімі үшін)төлеу;
  •  шетелдік білім беру ұйымдарының оқу ақысын төлеу;
  •  білім беру жинақтау салымын толықтыру;
  •  білім беру жинақтау сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысы түрінде енгізу;
  •  білім беру кредиті бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеу.

Уәкілетті оператор өтініш қаралып мақұлданғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде БЖЗҚ-ға төлемдер туралы хабарлама жіберуге тиіс.
Содан кейін БЖЗҚ бес жұмыс күні ішінде уәкілетті операторға төлем сомасын аударады.

Алушы 45 жұмыс күні ішінде уәкілетті операторға Ұлттық қордан төлемдерді пайдалану мақсатын растайтын құжаттарды ұсынуы қажет.

Растайтын құжаттар мыналар:

  • Білім алушы мен Қазақстанда орналасқан білім беру ұйымы арасында білім беру қызметтерін көрсету туралы шарт және білім беру қызметтеріне ақы төлеуге арналған құжат;
  • Білім алушы мен шетелдік білім беру ұйымы арасында білім беру қызметтерін көрсету туралы шарт, сондай-ақ шетелдік білім беру ұйымына қабылданғанын растайтын құжат (шарт пен құжат шет тілінде жасалған жағдайларда нотариалды куәландырылған аударманы қоса бере отырып) және білім беру қызметтеріне ақы төлеуге арналған құжат;
  • Білім беру жинақтау салымы туралы шарттардың бірыңғай тізілімінде тіркелген алушы мен қатысушы банк арасындағы білім беру жинақтау салымы туралы шарт;
  • Білім алушы мен сақтандыру ұйымы арасындағы білім беру бойынша жинақтаушы сақтандыру шарты;
  • Мемлекет уәкілеттік берген ұйымның кепілдігімен білім беру кредитін беруге арналған банктік қарыз шарты.

Төлемдерді алу

Уәкілетті оператор 10 жұмыс күні ішінде құжаттарды тексереді және төлемдерді аударады. Құжаттар ұсынылмаған және шарттар сақталмаған жағдайда ақша төленбейді.

Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы заңға сәйкес банктер мен сақтандыру компаниялары білім беру жинақтарын алушыға оның сұрауы бойынша қаражат аударады.


ПІКІР ЖАЗУ