ҚҰМАР — ҚАУІПТІ ДЕРТ

0

Дәніккеннен құныққан жаман деген. Бүгінде елімізде еңбек етпей, үйден екі адым аттамай-ақ маңдай терсіз оңай ақша табуды, жеңіл жолмен байлыққа кенелуді көздейтіндер қатары көбейген. Соның бірін-құмар ойыншылары құрайды. Жалпы бұл ойын салдарынан келетін қауіп өткір  мәселеге айналып отыр. Айталық, адам баласының өз-өзіне қол жұмсауы, бір-бірін өлтіру, ажырасу, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, қарызға бату т.б.

                               Құмар ойынына тыйым бар ма?

1917 жылға дейін елімізде құмар ойындардың карталық түрі жеке клубтар мен орталықтарда азын аулақ онйалып жүрді. Бай бағландар мен профессионалдардың заңсыз ойындары мүлде бақылауға алынбаған. КСРО аумағына ойын автоматтары 1989 жылдан бастап қана  таралады. Оның ішінде Қазақстанға да бұл дерт біртіндеп ене бастайды. Ал, 1993 жылдары казинолар ашылып, 2000 жылдары Қазақстанның ірі қалалары ойынханалар желісіне айналып, тәжірибесіз азаматтарды өзіне тарту басталып кетті. Адам бойында пайда болатын бұл дертке байланысты елімізде заңнама да қалыптасқан. Құмар ойындар жайында қарастырылған арнайы заңнама 17 баптан тұрады. Заңның 15-бап 1-тармағы бойынша, жиырма бір жасқа дейінгі азаматтардың құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуына тыйым салынады. Мемлекетімізде казино, ойын автоматтары залы, букмекер кеңсесі, тотализатор сынды ойын бизнесі саласындағы қызметтің түрлері жүзеге асырылады. Электронды және интернет казино қызметіне, өзге мүлік түріне ұтыс беруге жол берілетін казино қызметін қоспағанда, ақшадан басқа өзге мүлік түріне мөлшерлемелер қабылдауды және ұтыс беруді көздейтін құмар ойындарды, бәс тігуді ұйымдастырып, өткізуге, ойын мекемелерінен тыс жерде бәс тігуге және мөлшерлемелерді қабылдауға тыйым салынады.

Құмар ойындары қоғамды жалқаулармен, еріншектермен, ар-ұятын сатушылармен толтырып, өзін, отбасын, айналасын, дінін ұмыттырады. Соңғы екі жылда құмар ойындар нарығы жылжымайтын мүлік нарығын басып озған. Биыл бірінші жартыжылдықтың өзінде ғана халықтың құмар ойындарға жұмсаған шығыны 100 млрд теңгеден асыпты. Қарыздан көз ашпайтын адам­ның кез келген уақытта қылмысқа барып, өз-өзіне қол салуы мүмкін. Себебі ойынқұмарлық – психологиялық ауру. Тәуелділікке ұшыраған адамдар көп жағдайда өз әрекетіне есеп бере алмайды. Бұл қоғам үшін өте қауіпті.

                                Құмардан құтылу мүмкін бе?

Құмар ойынға құмарлық – дауасы жоқ дерт. Психолог мамандарының сөзіне сенсек, емделушілердің көбі бір рет ойнап көрген соң ары қарай ойынды тоқтата алатынына өз-өзіне сенімді болғандар. Алайда алғашқы жарнамадан кейін өз әрекетіне есеп бере алмай, соңында несие алып, ұрлыққа түсіп, ойнаймын деп от басады екен. Психологтің көмегіне жүгінетіндердің дені 18-29 жас аралығындағы науқастар болса, оның ішінде 16-17 жастан бастап құмар ойынға құмартқандар жиі кездеседі. Өйткені Қазақстандағы құмар ойындардың нарығына бақылау кемшін. Тіпті, біздің елде 21 жастан бастап заңды түрде бәс тігіп, ойнауға шектеу қойылмаған. Ал әлемдік тәжірибеде бәс тігуге белгілі бір деңгейде шектеу қоятын елдер бар. Мәселен, экономикасы көш ілгері кеткен Ұлыбританияның өзінде 25 жастан бастап қана бәс тігуге рұқсат береді. Психологтің пайымынша, бұл жаста адамның физиологиялық және психологиялық тұрғыда дамуы толық жетілген болып есептеледі.

                                 Лудомания деген не?

Лудомания ауруы адамның тәнінен гөрі жанына кері әсерін едәуір көп тигізеді. Ойын кезіндегі толқулар адре­налин және басқа стресс гор­мон­да­рының, ал жеңіске жеткен кезде дофамин мен серотониннің бө­лінуін тудырады. Осы екі күйдің адам­дарда өзгеруі толқу, стресс және ләззат алу күйін кештіреді. Ал ләззат сон­ша­лықты айқын және есте қалар­лық­тай болғандықтан, кейбір адамдар ор­газм­ның сенсациясымен жеңген кез­дегі жағдайды салыстырады. Осыдан кейін адамның оны қайтадан сезінуі үшін құмар ойынға немесе ойын автомат­та­рына оралуына себеп болады. .Тағы бір қауіпті сәт адамның ойынға деген қызығушылығы артып, бәстігулер көбейіп, қанға нейрохормондардың тұ­тас коктейлі төгілген кезде пайда бо­ла­ды. Олар есірткі сияқты әрекет етеді және ойыншы байқамай транске түседі, яғни ол өзінің іс-әрекетін, жо­ғалған со­ма­ны, уақытты басқара алмайды және ойынды жалғастыруға тырысады. Бұл ке­­зеңде адамның тәуелділігі бұдан бы­лай пайда табуды қаламайды, сол себепті процесс эйфорияны тудырады. Аурулардың халықаралық классификациясы бойынша лудомания аурулар тізіміне  енгізілген. Құмар ойынның соңына түскендер дүние-мүлкінен айырылғаны өз алдына, ажырасып, дымсыз қалып жатады. Мұндай жағдай Қазақстан қоғамына да таңсық емес. Ойынқұмарлардың көбеюі салдарынан елімізде лудомандарды емдейтін арнайы орталықтар да ашылған. Олардың негізгі пациенттері – букмекерлік кеңсе ойыншылары. Жалпы, Қазақстанда тіркелген он шақты букмекерлік компания бар. Ал, бейресми мәліметке сенсек, елімізде бұл салада жалпы 30 мыңға жуық адам жұмыс істейді екен. Яғни, әрекет ету ауқымы өте кең. Қандай да болсын ойын рақаттануға әкеледі. Ойын барысындағы құмарлық,  адреналиннің қарымды бөлінуі миды ширатады, осының салдарынан лудоманияға шалдыққан науқас үйреншікті рахатқа (достармен қатынасу, махаббат)  қызықпайтын болады және оның өмірінде тек ойын ғана қалады.

Ойынға құмар науқас  (лудоманияға шалдыққан) өзі үзе алмайтын шеңбер ішінде жүреді.  Сонымен  бірге ол ойынға құмарлықтан емделу қажеттілігін  түсінбеуі де мүмкін. Науқастың ойын қарсаңында пайда болатын өзгеше «сиқырлану» күйі немесе өзін-өзі гипноздау, транс  күйінде жүргендей болады. Біртіндеп ықылас, эмоция, жақындарға деген сүйіспеншілік кетеді және адам роботқа айналады.

Оңай олжаға қол жеткіземін деп от басудан сақ болыңыздар!

 

                 Әспет Нұрланқызы

Л.Н Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті,

Журналистика және саясаттану факультеті 3 курс студенті.


ПІКІР ЖАЗУ